ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІ

Бүгін – ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні.

Дәл осы күні 1920 жылдардың соңында және 1932-1933 жылдар аралығында қасақана ұйымдастырылған жасанды зауалдан зардап шеккендерді де еске аламыз. Бұл күн Қазақстан үшін айрықша мағынаға ие. “Халық жауларын” анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті.

Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды.

31 мамыр – XX ғасырдағы кеңестік биліктің тоталитарлық саясаты салдарынан саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткерлеріміз бен ашаршылық құрбандарын еске алатын тарихымыздағы қасіретті күн.

Бірлігі кетіп, берекесі қашқан сол кезеңде халқымыздың жартысына жуығы құрбан болып, жарты миллионнан астамы бас сауғалап шет елдерге үдере көшуге мәжбүр болған. Бүгінгі күніміз үшін осы құрбан болған жандарға борыштар екендігімізді ұмытпайық!

Әрқашанда аспанымыз ашық, еліміз тыныш, жұртымыз аман, қамалымыз берік, қазағымыз мықты болсын!

Телефон: 8 701 149 09 01
Email: info@muztheatre.kz
г.Астана
Ж.ОМАРОВА 47Б