Елорда театр жылында «Музыкалық жас көрермен» театрымен толықты. Қаллекидің орнына құтты шаңыраққа қоныстанған өнер ұжымы ел үмітін ақтай ала ма? Жаңа театрға танымал актерлерді топтастырудағы мақсат не? Бүгінгі телефонға телмірген балалар назарын қойылымға қалай аударады? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын білу үшін аталмыш театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат МАЕМИРОВПЕН сұхбаттастық.

– Өнер ордасының ерекшелігі неде?

– Бір ерекшелік, қо­йылымдардағы рөлдердің барлығы жанды дауыста орындалады. Театр – әртіс пен көрерменнің арасын байланыстыратын шынайы өнер. Сол көпірде сезім, сенім шындығы бар ма, сол маңызды. Көрерменнің көкейіндегісін тап басып, жүрегінің түкпірінде жасырынып жатқан сезім алауын тұтату – мақсатымыз. Тек қана театрдың репертуар­лық саясатын жүргізумен шектелмей, ағартушылық жұмыспен де айналысқым келеді. Балалар қойылым тамашалауға келгенде ұлттық, классикалық аспаптармен танысса дейміз. Себебі болашақ опера-балет, театр көрермендерін тәрбиелеуіміз қажет.

– Сонда театрда да фонограмма қолданыла ма?

– Негізінен, көп театрларда хорларды фонограммаға жаздырып алып айтады. Жасыратыны жоқ, аймақтық театрларда көп қолданылады. Десе де өзіме Жастар театры, Әзірбайжан Мәмбетов атындағы драма және комедия театры, Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының әртістері фонограммаға жүгінбейді. Біз де солар сияқты өзге театрларға үлгі болып, жасандылықтан біржола бас тартуды ұйғардық.

– Театрдың Мәскеудің мемлекеттік академия­лық музыкалық балалар мен жасөспірімдер театры­мен бәсекелесуге қарым-қабілеті жете ме? Режиссер, актерлердің кәсіби шеберлігі қалай?

– Театрдың тірегі – актер мен режиссер. Қойылымды көрерменге жеткізуші – әртіс­тер. Қазіргі таңда актерлік құрамның көшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Канн халықаралық фестивалінің жеңімпазы С.Еслямова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Б.Айтжанов бастап тұр. Оны «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері ­А.Өтепберген мен А.Төлепов жалғастырады. Ә.Макин, Е.Садырбаев, Р.Ұсманов, С.Мұқашев, А.Амандықов, А.Ғұмаров, Л.Темірхан, ­З.Сапар, С.Кеңшілік, А.Сүндет сынды болашағынан үлкен үміт күттіретін 50 актеріміз бар. Егер әртістеріміз мақсатқа жету жолында аянбай еңбек етсе, кез келген әлемдік театрлардан асып түсуге мүмкіндігіміз жетеді. Жас режиссерлермен жұмыс істейміз. Себебі олардың жаңашылдығы басым. Менің мақсатым – жастарды қолдау. Себебі жастар жазған дүние жастардың жүрегіне жол табады.

– Театр өнерпаздарының басым бөлігі өз шәкірттеріңіз екен. Актерлік құрам қалай таңдалды? Таныс арқылы ма, әлде кастинг ұйымдас­тырылды ма?

– Қыркүйекте кастинг ұйымдастырдық. Музыкалық жас көрермен театры болғандықтан, «музыкалық театр әртісі» мамандығы бойынша білім алған кәсіби актерлер қабылданды. Себебі оркестр, хормен ән айту, арияларды жаттау кәсіби біліктілікті талап етеді. Ал іріктеу кезінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Д.Хамзина, А.Бермұхамбетова, С.Еслямова мен С.Айтбаеваның өзі төрелік етті.

– Мектеп оқушыларының арасынан аталған театрдың сахнасында шыңдалып, келешекте кәсіби актер атанар шәкірт тәрбиелеу ойыңыз­да бар ма?

– Індет аяқталған соң балалар шығармашылығына арналған театр өнерінің студиясын ашамыз, яғни балғындарымыз актерлік шеберлік бойынша білім алып, театр сахнасында тәжірибеден өтеді. Игі істі қала әкімдігі мен Мәдениет басқармасы да қолдап отыр. Себебі балалар естіген ертегілерінде өздері ойнап жатса, нұр үстіне нұр. Студияға театр өнеріне, драмаға құштар балаларды кастинг арқылы қабылдаймыз.

– Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта «Балалар спектакліне билетті мәжбүрлеп сатпаңдар, балаларды театрға күштеп апармаңдар» деген сияқты пікірлер жиі айтылып жүр. Осыған қалай қарайсыз? Өздеріңіз мектеп оқушыларымен қалай байланыс орнатасыздар?

– Мәжбүрлеу болмайды, себебі бұл – шағын театр. Меніңше, театрға бала өзінің жүрек қалауымен ғана келуі керек. Осы тұста жауапкершілік ұлт болашағын ойлаған мұғалім мен ата-анаға жүктеледі. Жалпы билет құны әзірге нақты емес, ол 3-4 айда жан-жақты зерттеліп, анықталады. Менің ойымша, мектеп оқушыларына қолжетімді бағада болады. Десе де арнайы екі қатарды сол аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балаларына арнап, қойылымдарды ақысыз тамашалауына мүмкіндік беруді ойға алып отырмыз.

– Репертуарды қалай таңдайсыздар? Қандай премьералар мен жаңаша сипаттағы спектакльдерді сахналау жоспарда бар?

– Қаңтар айында «Қыз Жібек» этнофольклорлық мюзиклі мен «Шәмші» қойылымы ұсынылды. Ақпан айында ұлы ақын М.Мақатаевтың 90 жылдығына орай «Ғашық жүрек» музыкалық қойылымы көрерменге жол тартты. Болашақта Б.Соқпақбаев. Т.Нұрмағамбетов, С.Сарғас­қаев, С.Мұратбеков, Р.Мұқанова, Қ.Ысқақтың балаларға арналған туындыларын сахналау жоспарда тұр. Шетелдік танымал туындылар орыс, ағылшын, қазақ тілдерінде сахналануы қажет. Себебі астанада ағылшын тілді оқытатын мектептер бар, демек ағылшын тілді көрермен де табылады. А.Чеховтың «Шағаласын» қазақ, орыс тілдерінде қойғымыз келеді. Бұл өз кезегінде театрдың табысына да оң әсерін тигізеді. Спектакльдің ең әуелі рухы, яғни идеясы мықты болуы керек. Қазір театрдың стратегиялық жоспарын жасап жатырмыз. Жас ұрпаққа өздеріне таныс кейіпкерлер мен XXI ғасыр қаһармандары керек.

Источник: https://www.astana-akshamy.kz/zhas-urpaqqa-qandaj-qaharman-kerek/

Телефон: 8 701 149 09 01
Email: info@muztheatre.kz
г.Астана
Ж.Омаров 47Б