Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен театры 2020 жылдың 1-ші қазанында құрылды. Ал салтанатты ашылуы 14 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында өтті. Алғашқы маусымының тұсаукесері – халқымыздың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай сахналанған М.Әуезовтің «Абай–Тоғжан» музыкалық драмасымен тұңғыш маусымын ашты.
Театрдың директоры болып Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы, президенттік халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі Асхат Максимұлы Маемиров тағайындалды. Бұған дейін Асхат Максимұлы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры, М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының директоры, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы «Қазақ әуендері» АҚ президенті, Қазақстан театрлар ассоциациясының вице-президенті, «Қазақконцерт» өнер бірлестігінің бас директоры, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры қызметтерін атқарған.
2020 жылдың 28-30 қыркүйек күндері кастинг ұйымдастырылып, 50-ден астам дарынды артистер таңдап алынды. Оның құрамында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, 71-ші Канн халықаралық кинофестивалінің жеңімпазы Самал Еслямова, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов, Дария Болсанбек, Расул Усманов, Саламат Мұқашев, Оразалы Игілік, Халықаралық байқаулардың лауреаттары Ернар Садырбаев, Аман Ғұмаров, т.б. жас артистер бар.
Музыкалық жас көрермен театрының жұмысы жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды дарытып, отандық және әлемдік музыкалық қойылымдарды сахналау арқылы балалар мен жасөспірімдердің мәдени-эстетикалық әлемін, таным-тағылымын, шығармашылық әлеуетін жетілдіруге бағытталған.