Театр артистері «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы қарттарға мерекелік көңіл-күй сыйлады

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры артистері «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болып, қарттарға құрмет көрсетіп, Астана күні мерекесі қарсаңында мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Қазақ – қариясын сыйлаған халық. «Қарты бар үйдің қазынасы бар», – деген. Ақсақалдарды төрге шығарып, бата сұраған. Ақындар жырына қосып, амандығын тілеген.

Қарт десе, әркімнің көз алдына өз шаңырағына құт-береке кіргізіп отырған ақ жаулықты әже мен ақ сақалды қария елестері анық. Тілеуімізді тілеп, балалары мен немерелерінің қызығын көріп, ортамызда аман-есен отыра берсе екен дейміз. Өкінішке қарай, перзент атаулының бәрі ата-анасын, ата-әжелерін алақандарында аялап отырмағанын көріп көңіліміздің түскенін де жасыра алмаймыз.

Шығармашылық ұжымның ұйымдастырған әндерінен қарттарымыздың көңілі шат-шадыман болды. Ақсақалдарымыз да қалыс қалмай ақ жаулықты аналарымызды ортаға вальске шақырып шараның сәнін кіргізді.

Музыкалық жас көрермен театрының қыз-жігіттері Сабырхан Асановтың сөзіне Шәмші Қалдаяқовтың әні жазылған «Сағынышым менің» әнін хормен бастап, Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған «Арыстың жағасында» әнімен жалғастырды. Бұл әндерге бірге қосылып шырқамаған қариялар қалмады. Қайран жастық шақтары көз алдарына елестеп, көздеріне жас алғандары да көп болды.

Шара соңында әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қариялары жастарға ақ жарма ақ тілектерін айтып, ақ батасын беріп, алғыстарын білдіріп, «Бізді ұмытпай, жиі келіп тұрыңыздар» деп, жиі келіп тұруымызды сұрап қимастықпен қоштасты.

Әрқашан да қарияларға құрмет көрсетуден жалықпаған Музыкалық жас көрермен театрының артистері, алдағы уақытта да өз өнерлерімен қолдау көрсетіп, жиі ат басын бұрып тұруға уағдаласты.

Телефон: 8 701 149 09 01
Email: info@muztheatre.kz
г.Астана
Ж.Омаров 47Б