Самал Еслямова мен Сергей Дворцевой «Мəдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында болып «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасын тамашалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Театр директоры Асхат Маемиров кеш шымылдығын ашып, көрерменге театр қонақтарын таныстырып өтті.

«Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы адамзат тарихындағы біртуар тұлғалардың болмыс-бітіміндегі жасампаз рух – балалық шақтан бастау алатын, жас ұрпақтың дүние танымына, жан дүниесіне, рухани болмысының қалыптасуына әсер ететін Абай ғұмырының бозбала кезеңін арқау етеді. Аталған қойылымда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Самал Еслямова жас Абайдың анасы Ұлжанның рөлін сомдады.

Спектакльден кейін алғашқы болып сөз тізгінін алған министр Ақтоты Рахметоллақызы қазақ сахнасына жаңа жас театр келгенін, жас болса да, талантты актер, актрисалардың өнеріне тәнті болғанын жеткізді.

Министр Музыкалық жас көрермен театрының актрисасы Самал Еслямованың қоржыны кезекті марапатпен толыққанын атап өтіп, Ресей кинематография өнері академиясының «Ника» жүлдесін табыстады.

«2018 жылы көрерменге жол тартқан «Айка» фильмі көпшілік пен киногерлер тарапынан жоғары бағаланып келе жатқанына қуаныштымыз. Расында, бұл туынды кейіпкер өмірдегі күрделі сәттер арқылы бізге ой салып, жігерлендіреді. Талайлы тағдыр иесінің жағдайы көрген жанды толғандырады. Жан дүниесін бір ысытып, бір суытып, әлеуметтік мәселелердің өзектілігін жүрекке жеткізеді» – деген министр «Ника» жүлдесін табыстады.

Сонымен қатар, министр Ақтоты Рахметоллақызы «Айка» және «Тюлпан» фильмдерін түсірген ресейлік режиссер Сергей Дворцевойға «Мəдениет саласының үздігі» төсбелгісін марапаттады.

Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Өнербаев, Қазақстанның еңбек әртісі Бағдат Сәмеденова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Светлана Айтбаева мен Дина Хамзина кеш қонақтары болды.

Айта кетсек, Қазақстандық Самал Еслямова Ресейдегі «Ника» кинематографистер жүлдесінің 2019 жылғы ең үздік актрисасы атанған болатын. 2019 жылғы лауреаттарды марапаттау рәсімі былтыр пандемияға байланысты өтпей қалғандықтан, ұйымдастырушылар 25 сәуірде өткен салтанатты рәсімде 2019 және 2020 жылғы жеңімпаздарды қатар марапаттады.

 Источник: https://azattyq-ruhy.kz/culture/23465-samal-esliamova-men-sergei-dvortsevoi-m-deniet-salasynyn-uzdigi-tosbelgisimen-marapattaldy

Телефон: 8 701 149 09 01
Email: info@muztheatre.kz
г.Астана
Ж.Омаров 47Б