«ҚЫЗ ЖІБЕК» ЭТНО-ФОЛЬКЛОРЛЫҚ МЮЗИКЛІНІҢ ПРЕМЬЕРАСЫ ЖОҒАРЫ ДӘРЕЖЕДЕ ӨТТІ

2023 жылдың 5, 8, 9, 22, 23 шілде күндері Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры Қазақ КСР ҒА академигі, қазақтың халық жазушысы, драматург, сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері Ғабит Мүсіреповтің қаламынан туындаған «Қыз-Жібек» этно-фольклорлық мюзикл премьерасын көрермен назарына ұсынды.

Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында қойылатын «Қыз Жібек» – этно-фольклорлық мюзикл болып сахналанды.

Премьераға Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Қыз Жібек» кинофильмінің басты кейіпкері Жібектің рөлін сомдаған Меруерт Өтекешова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаев және тағы да басқа қонақтар қатысты.

Шығармашылық топтың басты мақсаты, операдағы орындалатын ариялар мен хорлардың, күйлер мен билердің барлығы халық әндері мен халық композиторларының музыкалық шығармалары болғандықтан, әу баста симфониялық оркестрге арнап жазылған партитурасын қайтадан рухани тамыры мен өзегіне оралтып, халық аспаптар ансамблінің орындауына лайықтап қайтадан жазып, этно-фольклорлық мюзиклге айналдыру.

  • Айта кетейік, мюзиклде халық әндері мен күйлері орындалды.

  • Қойылым соңында, театр директоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировпен бірге сахнаға көтерілген қазақ қыздарының сұлулық эталонына айналған Қыз Жібегі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Меруерт Қаратайқызы Өтекешова театр ұжымына және актерлік құрамға спектакльдің жоғары деңгейде болғандығын атап өтті. Ол өз сөзінде:

    – «Бүгінгі «Қыз Жібек» мюзикліне мен өз басымды иемін. Осындай табысты үлкен, одан да басқа рөлдерді ойнап, одан да жоғары деңгейге көтерілуге шын жүректен тілектеспін. Дауыстарыңыз керемет, жоғары деңгейдегі пластика, қыздар мен ұлдар бәрі жалындаған жастар!»,- деді.

    Естелік ретінде, Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешованың «махаббат» символына айналған «ақбоз ат» бейнесіндегі мүсіншені басты рөлді сомдаған, Төлеген бейнесіндегі Оразалы Игілік пен Жібек бейнесіндегі Инабат Ризабековаға тарту етті. Қазақтың Қыз Жібегі қойылымды тамашалауға келген көрермендерге өз батасын беріп, театр ұжымына алдағы жұмыстарына толағай табыс тіледі.

    «Қыз Жібек» – тарихының тамыры тереңде жатқан ұлтымыздың бойтұмары, қасиетті рухы, ар-ұятының айнасы.

    Сондықтан, қазіргі кезеңде де өзектілігін жоғалтпай, махаббаттың өміршең дастаны ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан туынды – көрерменге ұлтымыздың тамыры тереңде жатқан фольклоры мен этнографиясын, философиясы мен дүниетанымын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, бай музыкалық мұрасы мен өмір сүру салтын біртұтас күйінде көрсетті.

Телефон: 8 701 149 09 01
Email: info@muztheatre.kz
г.Астана
Ж.Омаров 47Б