ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың театрымыздың директоры Асхат Максимұлын «Құрмет» орденімен марапатталуымен шын жүректен құттықтаймыз!

Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 16 қазандағы Жарлығымен Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы, профессор, елімізге танымал театр режиссері Асхат Максимұлы Маемировті «Құрмет» орденімен марапатталуымен шын жүректен құттықтаймыз!

Асхат Максимұлы бүгінгі таңға дейін отандық өнер мен мәдениет саласының білікті менеджері ретінде өзін басқарушылық-ұйымдастырушылық қырынан кәсіби биік тұрғыда таныта білді.

Сахналаған қойылымдары арқылы АҚШ, Франция, Жапония, Австрия, Германия, Бельгия, Чехия, Израиль, Ресей, Түркия, Грузия, Армения т.б. мемлекеттерде өткен халықаралық фестивальдер мен форумдарда қазақтың театр өнерін шет елдік көрермендерге паш етті.

Қазақстан сахна өнерінің тарихында тұңғыш рет 2009 жылы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен М.Чехов атындағы І халықаралық театр фестиваліне қатысып, Э.Олби «Зоопарк» психологиялық драмасымен «Ең үздік спектакль» жүлдесіне ие болды. 2017 жылы «Жаһандағы Қазақстан мәдениеті» жобасы аясында «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклімен Париж, Канн, Вена, Брюссель, Мәскеу қалаларында өнер көрсетті.

2018 жылы Токио қаласында «Ақтастағы Ахико» қойылымын жапондық көрерменнің назарына ұсынды. 2018 жылы «Қыз Жібек» мюзиклімен Франциядағы Авеньон халықаралық театр фестиваліне қатысты.

2019 жылы Махачкала қаласында өткен Каспий жағалауы елдерінің халықаралық театр фестивалінде А.Чеховтың «Сүйікті менің ағатайым» драмасымен Гран-При жүлдесіне ие болды.

Бүгінгі таңда Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының негізін қалап, оның репертуарындағы «Гауһартас», «Шәмші», «Абай-Тоғжан», «Қыз Жібек» және т.б халықтың зор ықыласына бөленіп, көрермендердің жүрегінен ойып тұрып орын алған көптеген қойылымдардың ең алғашқы сахналық нұсқасын жасаған қоюшы режиссері.

Қадірлі Асхат Максимұлы!

Мемлекет тарапынан жоғары құрметке бөленіп, мемлекеттік марапат «Құрмет» ордені иегері атануыңызбен ұжым атынан құттықтаймыз! Бұл марапат Сіздің өмір бойы айналысып келе жатқан адал еңбегіңіз бен Отанымыздың көркеюіне қосқан мол үлесіңіздің жемісі. Сізге зор денсаулық, ұзақ өмір және тамаша табыс тілейміз!

Телефон: 8 701 149 09 01
Email: info@muztheatre.kz
г.Астана
Ж.Омаров 47Б