Қазақстан Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев әлеуметтік парақшасына өз ойымен былай деп бөлісті:

– «Кеше бір топ әріптесіммен бірге Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермендер театрына барып, «Гауһартас» қойылымын тамашалап қайттық. Премьерасынан бастап әр сеансы аншлагпен өтіп келе жатқан спектакль осымен 250-рет ойналып отыр екен.

 

Белгілі жазушы Дулат Исабековтің шығармасының желісімен сахналанған бұл қойылым қоғамда үлкен қызығушылық тудырып, бірден қалың көрерменнің қолдауына ие болды. Мұның басты себебі туындының арқалаған жүгі мен атқаратын миссиясында жатыр десек, қателеспейміз.

 

Туынды отбасын сақтау, әйелді құрметтеу, барды бағалау сияқты өмірлік қағидаларды дәріптеумен қатар, сенім, сыйластық, махаббат дейтін нәзік сезімдерге сызат түсірмеуге үндейді. Қоғамда осындай дұрыс құндылықтарды қалыптастыру үшін қойылымды кеңінен насихаттаған абзал.

 

 

Осы орайда спектакльдің көрермендері негізінен жастар екені қуантады. Расымен, қазіргідей интернет дәуірінде жас буынның театрға келіп, тағылымы мол дүниеге қызығуы айрықша мәнге ие. Бұл, бір жағынан, жас көрермендерді жалықтырып алмаудың ұтымды тәсілін тапқан ұжымның шеберлігі мен Асылхан Төлепов, Оразалы Игілік, Инабат Ризабекова, Ернар Мұхамбет сияқты актерлердің талантының нәтижесі екені сөзсіз.

 

Жалпы, аталған театрдың ашылғанына көп уақыт өткен жоқ. Соған қарамастан репертуарында маңызды мәселелерді көтеретін салмақты қойылымдар аз емес. Соның бәрінде дәстүрлі сахна мен креатив әдемі үйлесім тапқанын атап өткен жөн.

 

Осы бағытта көпке үлгі көрсетіп отырған Асхат Маемиров бастаған өнер ұжымына алдағы уақытта шығармашылық табыс пен жаңа жетістіктер тілейміз. Театрдың өрісі кеңейіп, көрермендеріңіз көбейе берсін!» – деп, Парламент Сенатының төрағасы, Мәулен Сағатханұлы жүрекжарды пікірін білдірді.

Телефон: 8 701 149 09 01
Email: info@muztheatre.kz
г.Астана
Ж.Омаров 47Б