Музыкалық жас көрермен театрының IIІ театр маусымының шымылдығы түрілді

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры өзінің ІІІ маусымын 12 қыркүйек күні сағат 19:00-де авторы Мұхтар Әуезовтің «Абай-Тоғжан» (инсценировка авторы Мирас Әбіл) музыкалық драмасымен ашты.

Қойылым басталар тұста өзінің әріптестерімен сахнаға көтерілген театрымыздың директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Максимұлы биылғы жаңа ІІІ маусымның ашылуы ұлы жазушы, қазақ әдебиетінің классигі, ұлттық драматургияның алыбы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 125 жылдығына арналатынын, бүгінгі таңда оның шығармалары өзінің өзектілігін жоғалтпай автордың пьесалары әлі күнге дейін көптеген киелі қазақ театры сахналарында сахналанып жүргенін, сонымен қатар Музыкалық жас көрермен театры ең алғашқы шымылдығын «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен ашып, оны жыл сайын әдетке айналдырғанын жеткізді.

Сондай-ақ жаңа маусымда театр ұжымы сүйікті көрермендеріне тың туындыларды ұсынатынын, халықаралық фестивальдерге қатысатынын айтты.

Театрымыздың ІІІ маусымының ашылуына Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің профессоры, театр және кино актрисасы, Қазақ КСР Еңбек сіңірген артисі, Құрмет және Парасат ордендерінің иегері, қазақтың «Қыз Жібегі» Меруерт Өтекешева, Қазақстан компазиторлар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Донеділ Қажымов, театрымыздың тағыда бір ерекше жанашыры Ерболат Балғабаев және біздің ұлттық руханиятымыздың насихаттап, Абай әлемін, қазақ әлемін дәріптейтін арнамыз «Абай.ТВ» телеарнасының директоры Азамат Кеңесұлы, сонымен қатар былтыр ғана шымылдығы ашылған орталық Азияда деңдесі, аналогы жоқ «Қанаттылар» инклюзивті театрының директоры Арнұр Ысқақов және тағы да басқа арнайы шақырылған қонақтары болды.

Қойылымнан кейін, қазақтың «Қыз Жібегі» және театрымыздың рухани анасы ретінде Меруерт Өтекешева сахнаға көтеріліп жас артистерді жаңа маусымның ашылуымен құттықтап, ақ батасын берді.

– «Құрметті біздің сүйікті көрермен және Музыкалық жас көрермен театрының артистері! Бүгінгі жаңа маусымның ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Сонымен қатар, биыл қазақ әдебиетінің классигі, ұлттық драматургияның алыбы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 125 жыл толғалы отыр. Бұйырса Қазақ Елінде үлкен той болады. Сол тойдың бастамасы ретінде Мұхтар Әуезовтің қойылымымен бастау алғандарыңыз барлығымызды қуантады. Бүгінгі қойылымда Абай мен Тоғжанның арасындағы кіршіксіз таза махаббатын көрсету арқылы Абай поэзиясындағы ойлы жырлар мен есті әндер орындалатын қойылымда ұлтымыздың құндылықтары сахна биігіне көтерілді. Халықтық сана, ұлттық тәрбие, бабалар дәстүрін, ұлы дала ұлағатын өнерсіз өмірді елестету мүмкін емес мына сахнадағы артистер тамашалауға келген жастардың санасын бір сілкінте алды деп ойлаймын. Тағы да жастар әрістерді құттықтаймын! Ақжол болсын!» – Меруерт Өтекешева.

Театрымыздың ІІ маусымы жабылар сәтте де театрымыздың белді актері, «Сахнагер-2017» Ұлттық театр сыйлығының иегері Саламат Мұқашев пен Ұлттық фальклерлік ансамбліміздің домбырашысы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Ардақ Елеусіздің сәбилеріне тұсаукесер рәсімін өткізген болатын. Тұсаукесер рәсімін ерекше дауыс иесі қазақтың әндеріне қайталанбас үн беріп, елімізді өміршең рухани дүниелермен тербеп халық арасында «Қазақтың қоңыры» атанған ҚР Еңбек сіңірген артисі, әнші Нұрлан Өнербаев пен бүгінгі күнде біздің өнер саласындағы үлкен мақтанышымыз, абыройымыз — Димаш Құдайберген жасап бүлдіршіндерге ақ тілектерін жаудырып, мақсаттарына сүрінбей жетсін деген ақ тілектерін арнаған болатын.

Сол үрдіспен «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы өткеннен кейін театрымыздың жас отбасылық жұбы Нұрқанат Шайкулов пен актрисамыз Камила Бақытжанованың Асанәлі есімді ұлының тұсауы кесілді. Тұсауын халқына қалаулы еліне елеулі үлкен азамат болсын деген ниетте театрымыздың директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Максимұлына кестірді.

– «Ардақты ағайын! Ата-аналары өнер кеңістігінде жүрген біздің Асанәлі немереміздің қадамы құтты болсын. Болашағы жарқын, келешегі кемел, Алаштың айтулы азаматы болсын. Қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен болсын. Өмір жолында тек қана биік шыңдарды, асуларды бағындырсын. Бәріміз мақтанатындай, Асанәлі атасындай Алаштың Асанәлісі болсын!» – деп, Асхат Маемиров Асанәлі есімді бүлдіршіннің тұсауын кесті.

Асхат Максимұлы кесілген жіптің бір жақ түйінін қазақтың тағы бір ырымымен басқаларға да жұғысты болсын деген ниетпен жақында ғана отбасын құрған театрымыздың режиссері әрі белді актері Ерназар Жаңатілек пен Тоғжанның ролін сомдаған актрисамыз Арелана Амангелдіқызына ұстатты.

Әділғазы Бақытұлы

Телефон: 8 701 149 09 01
Email: info@muztheatre.kz
г.Астана
Ж.Омаров 47Б