Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында Евгений Шварц ертегісінің тұсаукесері өтті. Спектакль қазақ және орыс тілдерінде сахналанды деп хабарлайды Ruh.kz өнер ордасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
13, 14, 15 мамырда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры сүйікті көрерменіне «Күлше қыз» атты музыкалық ертегісінің премьерасын тарту етті.
Салтанатты шара аясында театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров жаңа премьерамен құттықтап, алдағы уақытта театр сахнасында тағы да бірнеше ертегінің қойылатындығын мәлімдеді.«Музыкалық жас көрермен театрына қош келдіңіздер! Бүгінгі премьера – әлемге танымал «Күлше қыз» ертегісі. Біздің ертегіміз жай ғана ертегі емес, музыкалық ертегі. Бүгінгі мерекеміз құтты болсын! Ал сіздер оқуыңызды ойдағыдай аяқтап, жазғы демалысқа шығатын күнге жетейік. Каникулда біз сіздерге тағы да керемет ертегілерді дайындайтын боламыз!» – деді Асхат Маемиров.
Ал қойылымның режиссері Расул Усманов спектальдің театр репертуарындағы алғашқы орыс тіліндегі қойылым екендігін атап өтіп, оның бұдан бұрын қойылған спектакльдерден өзгешеліктеріне тоқталды. <«Театр репертуарында алғаш рет балаларға арналған орыс тіліндегі қойылым. Біз осы ертегіде басқа театрлардан өзгешелеу қылып жасадық. Қойылымда паралеллді ешкімге кедергісін тигізбейтін екі – Ертегішілер деген кейіпкерлерді қостық. Олар спектакльдің басынан соңына дейін жүріп, автор ретінде үлкен рольді жүргізеді. Сонымен қатар тағы ерекшелігіміз сахнадағы артистер көрермен балаларды ертегі әлеміне алып кету үшін көбінесе балалармен қарым-қатынас жасап отырады. Сондықтан да менің ойымша интерактивті туынды деп ойлаймын. Алдағы уақытта ағылшын тілінде сахналау жоспарымызда бар. Біз қойылымға екі ай уақыт дайындалдық. Артистер керемет ойнап шықты.Режиссер ретінде артістердің ойынына, сахнаның безендірілуіне мен өте ризамын!» – деді ол.
«Күлше қыз» музыкалық ертегісі орыс драматургы Евгений Щварц пен композитор Антонио Спадавеккианың «Золушка» атты ертегісінің желісінен алынған. Шығарманы қазақ тіліне аударған Есім Сегізбаев.
Аталған ертегінің қоюшы режиссері «Сахнагер-2019» ұлттық театр сыйлығының иегері, Музыкалық жас көрермен театрының актері, әрі режиссері — Расул Усманов. Музыкамен әрлеген Халықаралық конкурстардың лауреаты — Руслан Баймурзин, қоюшы хореограф — Уәлитбек Сиязбеков және қоюшы суретші — Әнуар Сәпиев.
Басты рөлдерді Аяжан Бағдат, Жансұлу Төлегенова, Бибол Байғараев, Бақдәулет Оралов, Жасұлан Әбдірахман, Мұхамедсаид Багашаров, сомдады.
Источник: https://ruh.kz/kz/news/sobytiya/10032