«Дүние-Ғапыл» драмасынан не ұқтық?

Елордадағы Музыкалық жас көрермен театрында «Дүние-Ғапыл» метафизикалық драмасының премьерасы өтті. Бұл спектакль Ресей драматургы Наталья Мошинаның «Аспан астында» (Соңғы күндер көріністері) пьесасының «Самала» атты бірінші бөлімі желісімен қойылды. Пьесаны қазақ тіліне аударып, сахналаған – аталмыш театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.

Метафизика – нақты әлем жаратылысын, болмысты зерттейтін философияның бір тармағы. Адам баласы бұл әлемнің бір бөлшегі екені белгілі. Әрқайсымыздың болмысымыз да әртүрлі. Біздің пайымымызша, драма бар болғаны бес кейіпкер арқылы қайдан келдік дегенге емес, мына зымыран заманда қайда бара жатырмыз деген ойларға жетелейді. Шығармада барша адамзатқа ортақ тақырыптар қозғалып, уақыттың қадірі, адамгершілік, әр істің қайыры мен қайтарымы болатынын есімізге салады.
Бізге ұнағаны, спектакль қазақ ұғымына мейлінше жақындатылған. Кейіпкерлер есімдері өзгертіліп, қазақы болып шыққан. Қоюшы режиссердің ақындығы да бар. Оның түпнұсқа мәтінге байланбай, еркін қимылдағаны байқалады. Арасына қаламынан туған өз өлеңдерін әдемі кіріктірген.
Оқиға желісі «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Аян Өтепберген сомдаған Ғайып атты кейіпкердің айналасында өрбиді. Бірде періште, бірде жан алғыш әзірейіл кейпінде көрінетін ол жерге өмірдің мәнін ұқтыру үшін жіберілгенге ұқсайды. Қалған төрт кейіпкер – балалар үйінде өсіп, тәрбиеленген Маздақ (Оразалы Игілік), оның зайыбы Римма (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 71-ші халықаралық Канн кинофестивалінің жеңімпазы Самал Еслямова), бозбала Жасын (Дінислам Нұрмағанбетов), бойжеткен Сүйрік (Диана Асқар) Ғайыптың тұзағына келіп түседі.

Шиеленіскен оқиға осы жерде басталады. Ақыры төртеуі де тәубаларына келеді.

Премьера драманы қоюшы режиссері Асхат Маемировтың туған күнімен сәйкес келді. Спектакль аяқталған соң оған Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен қала басшысының орынбасары Бақтияр Мәкеннің құттықтау хаттары тапсырылды. Бір атап өтерлігі, Музыкалық жас көрермен театрының актерлік құрамын режиссердің шәкірттері құрап отыр.

Источник: https://www.astana-akshamy.kz/dunie-ghapyl-dramasynan-ne-uqtyq/

Телефон: 8 701 149 09 01
Email: info@muztheatre.kz
г.Астана
Ж.Омаров 47Б