Жұмыр жердің бетінде тіршілік басталғалы бері жақсылық пен жамандық, ақиқат пен жалған, әділет пен қиянат, махаббат пен ғадауат қатар жарысып келеді. Әділетсіз өмірдің заңдылығы солай ма дерсің. Алайда қым-қуыт тіршілікте әр адамның өз даусы бар – өз шындығы бар. Ол өмір бойы сол көзқарасы үшін күреседі, қоғамға өз ақиқатын дәлелдегісі келеді. Әлқисса. Жуырда ғана Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында қойылған А.Н.Островскийдің «Жылы орын» әлеуметтік комедиясының премьерасы көрерменді осындай ойларға жетелейді. Айта кетейік, аталған спектакль қазақ сахнасында алғаш рет қойылып отыр.
Жазушы-драматург А.Н.Островский бұл шығармасын 1856 жылы жазған. Ал қазақ тіліне жазушы Ғабдол Сланов аударды. Сәтсіз аяқталған Қырым соғысынан кейінгі реформалар дәуірі басталған уақытта автор қоғамға шенеуніктер образын әшкерелеген «Жылы орын» комедиясын ұсынады. Кейін жаңа туындыны талдап, жазушы А.Солженицын көлемді очерк жазды. Островский шығармада қоғамның бітеу жарасына айналған шенеуніктер әлемінің біз ойлағаннан да жабық, тұманды орта екенін көрсетеді. Әрине, ол әлемнің кейіпкерлері – парақорлар мен ұрылар, қызмет, атақ-мансап үшін бәріне көнгіш жандар. Сондай-ақ ол әлемге барғандардың екі-ақ жолы болды: бірі – бәріне үнсіз бас шұлғып, ешкімге қарсы сөйлемеу һәм уақыт өте келе өзің де әділетсіз пайдакүнемге айналу, екіншісі – қызметті тастап, қара жұмыспен күн көру. Иә, кез келген адамға (әсіресе, отбасылы болса) бұл оңай таңдау емес. Ал Островский кейіпкерлері бұл жолда қандай шешім шығарды? Мәселен, білімді, еркін ойлы Жадов шенеуніктер өміріне кіре алмады, саналы түрде бас тартты. Белогубов болса, алдағы отбасылық өмірінің тыныштығы мен бақытын ойлап, әрқашан қызметте өсуге талпынды һәм ол еңбегі ақталды.
XIX ғасыр туындысындағы күрмеулі мәселелер мен көзқарастар бүгінгі таңда, әсіресе қазақ қоғамында да өзекті. Шындық пен әділдік үшін күрескен жас буынның жанайқайы мен билік басындағылардың өзара ойыны суреттелетін шығарма көптеген адамдық, азаматтық ойларды қозғайды. Ағасынан қызмет сұрап барған Жадовтың басынан өткен қиындықтар, айналасындағы адамдардың көрсеқызарлығымен ақшаның жолында ар-ожданын жалаңаштайтыны қай қоғамның болмасын тамыр соғысын дәл беретіндей.
Қызметтегі жылы орнынан айырылғысы келмейтін автор кейіпкерлері: «Билікке жету үшін білімнің қажеті жоқ, ең бастысы жақсы тіреуің мен танысың болса болғаны», деп санайды. Бәрі тоқшылық үшін, бәрі абырой үшін, бәрі мақтан үшін…
Мәселен, Вышневскийдің тек сұлулығына бола үйленген әйелінің жан-дүниесін толғандырған не? Жақсы өмір сүруі үшін армандарымен қоштасып, ағасынан қызмет сұрауға қайта барған Жадов неге куә болды? Шындық, әділдік сынды құндылықтар Жадовтың жақсы тұрмыс кешуіне көмектесе ме?
Өмір мен қоғам талқысындағы осынау өзекті мәселелерді спектакльде үлкен шен мен байлыққа жеткен азаматтық генерал Вышневскийден бастап, Юсов, Белогубов, Жадов секілді түрлі дәрежедегі кейіпкерлер көтереді. Олар көрерменге адамзаттың болмыс-бітімі, әлеумет пен қоғам шындығын арқау еткен тоғышар өмірді әшкерелеп, бюрократиялық ортадағы парақорлық пен озбырлықтың түп-тамырын ашып, кемшіліктердің барлығы жеке адамдардың азғындығының салдары екенін түсіндіреді.
Айта кетейік, әлеуметтік комедияның қоюшы-режиссері және сценографы Мекан Джумабаев, режиссердің көмекшісі Гүлдана Әбдісадық, киім суретшісі Іңкәр Каримова, дыбыс режиссері Сабина Ильясова, редакторлары – Е.Сапабеков, А.Маханбет. Ал басты рөлдегі Василий Николаевич Жадовтың образын − Бибол Байғараев, Асылхан Төлепов, Алмаз Абденовтер сомдаса, Аристарх Владимирович Вышневскийді − Қазбек Есқара, Абзал Арапов, Анна Павловна Вышневскаяны − Инабат Ризабекова, Альбина Хамидуллина. Аким Акимович Юсовты − Оразалы Игілік, Ақеділ Иманғали, Полинаны − Нұрай Рысбекова, Арелана Амангельдиева, Юлиньканы − Гүлдана Әбдісадық, Сабира Сүгірова, Фелисата Герасимовна Кукушкинаны − Альфия Хайзуллиева, Дана Қабылова, Анисим Панфилович Белогубовты – Алихан Әлішер, Азамат Болатов, Досужевті − Мухамедсаид Бағашаров, Саламат Мұқашев, Василийді − Дидар Төлегенов сомдады. Режиссердің айтуынша, қойылымды дайындауға екі ай уақыт кеткен.
Театр директоры Асхат Маемиров спектакльдің бүгінгі заманға лайықталып қойылғанын атап өтті. «А.Н.Островскийдің «Жылы орын» әлеуметтік комедиясы қазақ сахнасы кеңістігінде бірінші рет сахналанғалы тұр. Бұл қойылым осыдан 180-200 жыл бұрынғы кезеңді көз алдымызға әкелсе де, режиссерлік, сценографиялық шешіммен актерлердің ойындары арқылы ХХІ ғасырдағы жағдайды бейнелеуге тырыстық. Әрине, көтеріліп отырған өзекті мәселелер – өте ащы мәселелер. Себебі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында ғана жариялаған Жолдауында көрсетілген «Жаңа Қазақстанның» жаңару мен жаңғыру жолы, болмыс-бітімі, келбеті қандай болмақ?! Сондықтан осы сұрақтарға жауап іздеп қоғамдағы өзекті мәселелерді көрсететін қойылым деп білемін», дейді театр директоры.
Вышневский рөліндегі Қазбек Есқара адамға айналасындағы ортаның пікірі әсер етпей қоймайтынын айтады. Оны қойылымдағы кейіпкерлер тағдыры дәлелдеп отыр.
«Мен қойылымда бас кейіпкерлердің бірі – әділдікті ұрандатқан Жадовқа қарама-қайшы өзінің немере ағасы Вышневскийдің образын сомдадым. Мұнда екі ұрпақ – аға буын мен жас буынның арасындағы қақтығыс суреттеледі. Яғни олардың әрқайсының өміріндегі отбасылық, қызметтік қиындықтар түптің-түбінде өз таңдауларынан болғаны дәлелденеді. Оған қоса қандай көзқараста болса да, мейлі қаншалықты білімді болса да тұрмыстық ахуал, қоғамның көзқарасы белгілі бір деңгейде адамға әсер етеді екен. Оның тірі мысалы – Жадов. Ағасынан қызмет сұрамады, өз бетінше бірнеше жерде еңбек етті. Сонда да отбасылық жағдайы жақсарған жоқ. Отбасылық кикілжіңнен шаршаған, жеңілген Жадов ең соңында әлгі ағасына пайдалы орын сұрап барады. Әділет пен білімсіз қоғам ізгіленбейді деген Жадов әрі қарай күресуден бас тартады. Алайда көрермен куә болғандай ол кезде тым кеш болады. Яғни автордың шешімі бойынша шенеуніктер әлеміне әділдік орнайды», дейді актер.
* * *
Қағаз… Кәдімгі ақ қағаз. Спектакльдегі көрерменнің назарына аса іліге қоймайтын бір деталь – осы қағаз. Вышневскийдің қол астындағы «жас» шенеуніктер уақыт өте келе толысып, «қарнын сипар шенеунік» дәрежесіне жетеді. Қойылымның шарықтау шегінде олар сахнада іштеріне толтырылған қағаз қиқымдарын шығарып, шаша бастайды. Тау болып үйілген ол қағаздар басқа сюжеттерде де қолданылады. Бұл нені білдіреді? Қағазбастылық. Сонау алыс замандардан бері жаппай электронды форматқа көшіп жатқан қоғамға жетсе де әлі тыйылмаған қағазбастылық. Шенеуніктердің, жалпы кеңсе қызметкерлерінің көп істі тек қағаз жүзінде орындайтыны һәм ол тек жоспар үшін болып қалатыны ақиқат. Режиссер спектакльдің негізгі бір деталі ретінде қағаз қиқымдарын алуы осыны білдірсе керек.
Біз театрға кіре бергенде бұрыш-бұрышқа әлдене шашып жүрген ақ формадағы дезинфекторлар қарсы алды. Біртүрлі шошып қалдық. Бетперде тағу режімін алып тастағанын да тағы бір ойлап қойдық. Анығында, бұл көрініс спектакльдің бір инсценировкасы екен. Қойылым барысында да дезинфекторлар сахнада жүреді. Яғни бүгінгі пандемиялық жағдайдың спектакльдегі көрінісі.
Қоғамды дамытатын да, ізгілендіретін де – адам. Оның ойы, оның жасап жатқан жұмысы, жақсы мен жаманға деген көзқарасы өз ортасының, өз мемлекетінің қозғалысына әсер етеді. Ал жемқорлық пен парақорлық, қағазбастылық, «жоспар – жоспар үшін» деген стереотип – қоғамды алға бастырмайтын қауіпті «індет» сынды. Бұл қауіпті індеттің салдары мен салмағы Островскийдің «Жылы орын» әлеуметтік комедиясы арқылы жаңа нұсқада қойылып отыр. Сіздер де қарап көріңіздер, құрметті оқырман!
P.S.: Айта кетейік, театр репертуарында қазір М.Қолғанаттың «Махаббат бар ма?» лирикалық комедиясы, Э.Олбидің «Зоопарк» қойылымы (реж. А.Маемиров) дайындалып жатыр.
Әлеуметтік комедия
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында жаңа қойылымның тұсауы кесілді. Жазушы-драматург А.Островскийдің «Жылы орын» әлеуметтік комедиясы көрермен назарына ұсынылды. Премьераның шымылдығын театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров ашып, «Жылы орын» қойылымы қазақ сахнасы кеңістігінде тұңғыш рет сахналанғалы тұрғанын айтты.
– Бұл қойылымның режиссері Мекан Джумабаев Түрікменстаннан келіп жұмыс істеуде. Бұл туынды осыдан 180-200 жыл бұрынғы кезеңді көз алдымызға әкелсе де, біздің қыз-жігіттер режиссерлік, сценографиялық шешіммен актерлердің ойыны арқылы ХХІ ғасырдағы жағдайды бейнелеуге тырысты. Әрине, көтеріліп отырған өзекті мәселелер өте маңызды. Себебі біздің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанның» жаңару мен жаңғыру жолы, болмыс-бітімі, келбеті қандай болмақ деген сұрағына жауап іздеп, қоғамдағы өзекті мәселелерді көрсеткен қойылым деп білемін, – деді театр директоры.
Қойылымның қоюшы-режиссері және сценографы Мекан Джумабаевтың айтуынша, кез келген қоғамда мұндай мәселелер болады. Соны қойылым арқылы жеткізу керек.
– Қойылымның мақсаты – көрерменге әділдікті, шынайылықты түсіндіру. Қоғам дамуы үшін әр адам әділет үшін күресу керек. Кез келген өзгеріс өзімізден басталады. Жалпы туындының мақсаты да осы, – деді қоюшы-режиссер.
Әлеуметтік комедия 1856 жылы жазылған. Қойылымда генерал Вышневскийден бастап Юсов, Белогубов, Жадов секілді әртүрлі дәрежедегі кейіпкерлер бар. Әлеуметтік комедияда әлеумет пен қоғам шындығы, парақорлық салдары көрсетілді.
https://www.astana-akshamy.kz/aleumettik-komediya/