КӨҢІЛ АЙТАМЫЗ
Қазақ прозасы мен драматургиясының көкжиегін кеңейткен, ұлт әдебиетінің мақтанышы айналған Қазақстанның Еңбек Ері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, классик жазушы-драматург, профессор Дулат Исабековтің 83 жасқа қараған шағында дүниеден өтуіне байланысты отбасына, туған-туыстарына, ағайындарына Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры ұжымы атынан қайғыра көңіл айтамыз.
2023 жылы «UMAI-2023» ұлттық сыйлығының жеңімпаздары қатарынан табылып, «Үздік музыкалық драмалық спектаклі» атанған, 2024 жылы да «Тикетон» сыйлығына ие болып «Жылдың үздік қойылымы» атанған, Музыкалық жас көрермен театрының «шығармашылық төлқұжатына» айналған «Гауһартас» музыкалық драмасының авторы Дулат Исабеков ағамыздың біздің ұжым үшін де орны ерекше, тұлғасы биік еді…
«Гауһартас» қойылымын бізбен бірге бес мәрте тамашалап, театрымыздың артистеріне әрдайым өзінің өнер хақындағы ақыл-кеңесін айтып, ақ батасын арнап, біздің ұжымға қолдауын аямайтын.
Қазақ әдебиеті мен мәдениеті өзіндік өрнек салған қаламгердің көптеген кітабы жарық көрді.
Қазақ сахнасы тарихында өзіндік орны бар 30-ға жуық пьесаның авторы. Жекелеген повестері мен әңгімелері шет тілдеріне аударылды.
Жазушының «Гауһартас», «Дермене», «Тауқымет», «Тіршілік» повесі, «Ержеткенше» повесі, «Балуан Шолақ» атты көркем фильмдермен «Әпке» атты пьесасының негізінде телесериал түсірілді. Дулат ағамыздың жарқын бейнесі, ұлтының болмыс-бітімін арқау еткен өміршең туындылары халқымыздың санасы мен жүрегінде әрқашан сақталады.
Марқұмның жатқан жері жарық, топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқығай.
Жаратушы артында қалған ұрпақтарына ұзақ ғұмыр нәсіп етсін.
Астана қаласы әкімдігінің
Музыкалық жас көрермен театрының ұжымы және директоры
Асхат Маемиров