Көрермен назарына 250-інші мәрте ұсынылған Д.Исабековтің «ГАУҺАРТАС» спектаклі (режиссері А.Маемиров) «Qazaqstan” ұлттық арнасындағы Жайна Сламбектің «Апта» сараптамалық-апталық бағдарламасына арнайы репортаж болып шықты.
Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры «Гауһартас» музыкалық драмасын сахналаған бір жыл он айдың ішінде, халықтың көзайымына айналып, көрермен назарына 250 мәрте ұсынылып, Қазақстан мен Еуразияның театр кеңістігінде рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.
Спектакльдің әр қойылымы аншлагпен өтіп, бүгінгі таңға дейін 100 мыңнан астам көрермен тамашалады.
Қойылым елордамыздан бөлек Алматы, Ақтау, Атырау, Орал, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Түркістан, Өскемен, Семей және Жаңаөзен қалаларында, сонымен бірге Баянауыл, Ойыл, Сырым, Қаратөбе аудандарында көрсетілген еді.
Сонымен бірге Астана қаласының Мәскеудегі мәдениет күндері аясында Мәскеу мемлекеттік «Драма өнерінің мектебі» театрында көрсетілді.
Музыкалық драманың авторы – Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы, драматург Дулат Исабеков, қоюшы режиссері және сахналық нұсқасын жасаған – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, қоюшы-суретші – Алма Сырбаева, композиторы – Бауыржан Ақтаев, балетмейстері –Уәлитбек Сиязбек, хормейстері – Ғалымжан Берекешев.
«Гауһартас» музыкалық драмасы «UMAI-2023» ұлттық сыйлығының «Театр өнері» номинациясы бойынша «Үздік спектакль» атанды.
Сондай-ақ аталған музыкалық драмада Салтанат бейнесін сомдағаны үшін театр актрисасы Инабат Ризабекова республикалық «Сыншылар жүлдесі – 2023» марапаттау кешінде «Жыл актрисасы -2023» жүлдесіне ие болды.
Қазақстанның өнер, мәдениет және спорт саласындағы үздіктерге берілетін «Qazaqstan Ticketon Awards – 2024» сыйлығы – Мемлекеттік театрлар арасында «Гауһартас» қойылымын халықтың дауыс беруі нәтижесі бойынша «Жыл спектаклі» деп танылып, «ТИКЕТОН – 2024» сыйлығының жеңімпазы атанды.
«Гауһартас» музыкалық драмасындағы халықтың «Құдаша» әні мен биі санаулы сағатта әлеуметтік желілерде миллиондаған қаралым жинап, жастар арасында трендке айналды. Тіпті, Қытай, Түркия, Ресей еліндегі жастардың бейнежазбасы да кеңінен тарады.
1967 жылы жазылған Д.Исабековтің «Гауһартас» повестінде көтерілген тақырыптар бүгін де өзекті болып қалып отыр.
Қойылым отбасылық құндылықтардың мәнін ашады, сонымен қатар әйелді құрметтеудің маңыздылығын көрсетеді.
Қазақстанның театр әлемінде тұңғыш рет сахналанған «Гауһартас» музыкалық драмасы – көрерменнің жүрек қылын шертіп, ой-армандарын асқақтатып, санасына серпін беріп, жігерін қайрап, ішкі мәдениеті мен рухани жан-дүниесін байытып, елдік сезімі биік ұлағатты ұрпақты тәрбиелеу жолында елеулі үлес қосуды мұрат тұтады.
Қазақтың қарапайым шаңырағының өмірі мен тыныс-тіршілігі арқылы адамдардың жан дүниесін ашып көрсеткен бұл спектакльдің басты идеясы – шаңырақтың бақыты мен махаббатын қызғыштай қорғау.
2020 жылы 14 желтоқсанда ашылған Музыкалық жас көрермен театрының жұмысы өскелең ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды дарытып, отандық және әлемдік музыкалық қойылымдарды сахналау арқылы жасөспірімдер мен жастардың мәдени-эстетикалық әлемін, таным-тағылымын, шығармашылық әлеуетін жетілдіруге бағытталған.
Театрдың директоры – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Өнертану PhD докторы Асхат Маемиров.
Өнер ордасы өз жұмысын 2020 жылдың 1-ші қазанында бастап кетті. Театрдың актерлік құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 71-ші Канн халықаралық кинофестивалінің жеңімпазы Самал Еслямова, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов, Мемлекеттік стипендия иегерлері Оразалы Игілік, Дінислам Нұрмағанбетов, халықаралық және республикалық фестивальдердің лауреаттары Расул Усманов, Инабат Ризабекова, Саламат Мұқашев, Аман Гумаров, Әлішер Исмаилов, Шынар Қалдыбай т.б. жас артистер бар.
Сілтеме:
https://fb.watch/w-qB7RTe1g/
@akimat__astana
@jenis_qasymbek
@astana.madeniet
@zhanabai_meirmankulov_
@askhatmaemirov