Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры өзінің V маусымын 5 қыркүйек күні сағат 19:00-де авторы Мұхтар Әуезовтің «Абай-Тоғжан» (инсценировка авторы Мирас Әбіл) музыкалық драмасымен ашады.
Қойылымның режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Құрмет” орденінің иегері Асхат Маемиров.
«Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы бүгінге дейінгі ұлы ақын жайлы қойылған шығармалардан болмысы бөлек, бейнесі ерек жаңа туынды. Балалар мен жасөспірімдердің дүниетанымына, талғамына, рухани болмысының қалыптасуына әсер ететін бұл қойылым – Абай ғұмырының бозбала кезеңінен көрініс береді.
Жас Абайдың жүрегінде оянған алғашқы махаббаты, көкірегінде туған тұңғыш жыры әуезді әнге айналып, ішкі сезім тебіреністерін аласапыран күйге салады. Тоғжанға деген іңкәр сезім – өмірге деген құштарлыққа ұласып, Абайдың адамзатқа деген асқақ махаббатының темірқазығына айналды. Құнанбайдай әкенің өнегесі, Ұлжандай ананың тәрбиесі, қоршаған ортаның тылсым сыры, ғашықтықтың ғаламаты, дос пен бауырдың қадірі жас көрерменнің жанына рухани ләззат сыйлап, санасына көркем көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді. Абай поэзиясындағы ойлы жырлар мен есті әндер орындалатын қойылымда ұлттымыздың құндылықтары сахна биігіне көтеріледі. Халықтық сана, ұлттық тәрбие, бабалар дәстүрі, ұлы дала ұлағаты -ғашық Абайдың жан сүзгісінен өтіп, жас суреткерді «Сүйесің жүрек, күйесің» деген ұғымдарына қарай жетелей береді. Жас Абайдың әлемі – көрерменге «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» екендігін ұқтырады.
Театр ұжымы өз көрерменімен сағына қауышатындығын қуана хабарлаймыз!