Австралияда Халықаралық кино фестивальде Музыкалық жас көрермен театрының актері Әлішер Исмаилов «Ең үздік жаңа орындаушы» аталымы бойынша жеңімпаз атанды

  3 қараша – еліміздің экран әлемінде театрымызды және барша киносүйер қауымды қуанышқа кенелткен жаңалық болды.

Австралияның Брисбен қаласында өткен 2023 жыл бойынша «Asia Pacific Screen Awards» (APSA) атты Азия кеңістігіндегі ең басты халықаралық кино сыйлығының 16-шы мәрте марапаттау рәсімі өтті. Бұл сыйлық кино әлемінде Азияның Оскары болып саналады.

Қазақ киносының қоржыны 3 бірдей жүлдемен толықты.

Режиссер Асхат Кученчерековтің «Бауырына салу» фильмі «Ең үздік жастар картинасы», ал Айсұлтан Сейітовтің «Қаш» фильмі «Ең үздік операторлық жұмыс» (қоюшы-операторы: Азамат Дулатов).

Ал үшінші сыйлық – Режиссер Дархан Төлегеновтің «Братья» фильміндегі сомдаған бейнелері үшін жас актер Айбар Салы мен Музыкалық жас көрермен театрының актері Әлішер Исмаилов «ЕҢ ҮЗДІК ЖАҢА ОРЫНДАУШЫ» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.

Бұл қуанышты Музыкалық жас көрермен театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров әлеуметтік парақшасына жазып былай деп бөлісті:

– «Әлішер Исмаилов алған жүлде, ұстазы ретінде менің де мерейімді биіктетті. Қуанышты жаңалықты Әлішер балам Алматы қаласындағы 5571-ші әскери бөлімде өзінің азаматтық-әскери борышын өтеп жүріп естіді. Былтыр қараша айында елордадағы театрда еңбек етіп жүрген жерінен Астана қаласы, Сарыарқа ауданы әскери комиссариатының шақыртуымен, әскерге шақырылған еді.

Міне, он бір ай өтті, ҚР Қарулы Күштері Ұлттық ұланының сарбазы болып Әлішер шәкіртім, Өзінің әскери-азаматтық борышын абыроймен атқарып жатыр.

Өнер жолындағы әрбір шәкіртімнің қадамына сүйсінемін. Әлішер баламның Алматы медициналық колледжін тәмамдап, «Актер боламын» деген ақ желкен арманның қанатына мініп, академия табалдырығын имене аттаған сәті – көз алдымда.

Әлішер студент кезінен фильмдер мен телехикаяларға түсті. 2020 жылы Музыкалық жас көрермен театрының негізін қалаушылардың қатарынан табылып, өз мамандығы бойынша еңбек етіп жүр. Бір айдан кейін, әскери азаматтық борышын аяқтап, Өзінің туған ұжымына оралады.

Әлішер балам, «Ағайындылар» (Братья) фильміндегі басты ролің арқылы алған бүгінгі жүлдең – халықаралық кино фестивальдерде алған Сенің 8-ші жеңісің. Өнер мен өмір жолындағы мақсат-мұраттарыңның орындалуына тілекшімін! Алаштың аманатын арқалайтын, бабалар өсиетін орындайтын – өзің секілді жастар. Болашақ «Оскар» иегері атанатын да – Сендерсіңдер!

Халықаралық кино фестивальдерде сан мәрте «Үздік актер», «Үздік режиссер» атанып жүрген Асхат Кученчереков, Айсұлтан Сейітов, Дархан Төлегенов, Дулыға Ақмолда, Еркебұлан Дайыров, Данияр Алшинов, Әлішер Исмаилов, Айбар Салы – ЖАРАЙСЫҢДАР! Сендер – «Қазақта актер жоқ, режиссер жоқ, мектеп жоқ» деген сыңар-езу пікір айтып жүрген, құлдық психология санасын шырмаған «біреулер»-дің басына су құйдыңдар! Жүрегі «Ел» деп, «Өнер» деп соққан кәсіби шығармашылық жолдағы әрбір азамат – Қазақтың театр және кино өнеріне қызмет етуден талмайық!», – деп жазды.

Жалпы Әлішер Исмаилов отандық көрерменге, әсіресе жастар арасында өте танымал актер. Соңғы 4 жылда «Тағы бір тоқсан» (2020, «Gakku» телеарнасы), «Братья» фильмі (2021), «Барыс GENERATION» телесериалы (Хабар, 2021), «Симптомы» телесериалы (Хабар, 2020), «Игрок» web-сериалы (2022), «Тайталас» («Almaty» арнасы, 2022), «Әке» («Qazaqstan» ұлттық арнасы, 2022) т.б. фильмдер мен телехикаяларда сомдаған бейнелері Әлішер Исмаиловты көрермен ықыласына бөледі.

Бұл «Ағайындылар» (Братья) фильміндегі басты рол арқылы алған бүгінгі жүлде – халықаралық кино фестивальдерде алған сегізінші жеңісі.

Телефон: 8 701 149 09 01
Email: info@muztheatre.kz
г.Астана
Ж.Омаров 47Б