Қалыпқа түскен тірлік, екі етілмейтін бұйрық, өзгермейтін өмір салты, күнделікті бірін бірі айна-қатесіз қайталайтын әрекет, көпке ыңғайлыны ғұмырлық қағида еткен көңілшектік, өзгенің қалауын жалғанның мәніне айналдырған мінезсіздік, басқаның талабына табынған табансыздық, ең аяғы жан қалауыңды, ішкі ар-ұжданыңды қалың тобырдың көзқарасына матап берген шарасыздық… Таныс тіршілік пе? Иә, иә, қателескен жоқсыз, бұл – әрқайсымызға тиесілі бір-бірінен аумайтын ерекшеліктен ада біздің өмір. Трафаретке түскеніміз, инкубаторлық сипатқа енгеніміз соншалық, адам ретінде дараланудан қалғанымыз қашан? Өйткені, ерекшелену айналаң үшін ыңғайсыз. Қоғам белгілеген шекарадан шықтың ба – шарасыз күйге түстің! Демек өзгелер сызған ережеге бағынуға тиіссің. Басқа таңдау жоқ! Ал енді өміріңізді зообақтағы аңдардан өзгеше деп көріңізші!..
Бас шаһардың Музыкалық жас көрермен театры күні кеше премьерасын өткізген Эдуард Олбидің «Зоопарк» психологиялық абсурдындағы қисынға қайшы сараптаулар еркісіз осындай ойға жетелейді. Шығармада жеке адамның мәселесі арқылы қоғамның түйткілдері сөз етіледі. Айнала құжынаған адамдар, бірақ сол көп ортасында өзін керексіз сезінген қос кейіпкердің тағдыры бір-біріне мүлде кереғар болғанымен, оларды ортақтастыратын бір-ақ жағдай бар, ол – жалғыздық. Жай жалғыздық емес, жан жалғыздығы. Әйтпесе, тастанды жігіт, ата-ананың аялы алақанын, жылуын сезініп көрмеген көшенің жалаң аяғы Джерри мен тұрақты жұмысы, үйі, сүйікті жары, екі баласы, тіпті мысығы мен қос тотықұсы бар бақытты отағасы Питерді әлеуметтік қана емес, рухани әлем, тәрбие мен таным-түсінік тұрғысынан да ортақ әңгімеге жеткізер себеп мүлдем жоқ десе де болғандай. Салыстырып қарасақ, екеуі екі әлемнің адамы. Алайда екеуін ортақтастырып тұрған бір кесел бар, ол – тағы да жалғыздығы. Бірінде бақытты болу үшін бәрі болса, екіншісінде осы өмірде тірі пендені бақытты етер дүниелердің бірі де жоқ. Бірі шынайы жарлы болса, екіншісі бетпердемен шын болмысын көмескілендірген рухани жарлының жан жарасын жеткізеді. Сол арқылы күллі қоғамның боямасыз бет бейнесі, адамзат атаулының бауырмалдықтан безініп, немқұрайлылыққа, қатігездікке бет бұрған келбетін жан-жақты қырынан ашады. Осылайша құжынаған көп адамның ішінде саналы адамның неге жалғызсырайтыны да өз өзінен түсінікті бола түседі.
Бостандықтағы аң еркінен айырылып, темір торға қамалып қиналады. Ал адам болса, өзіндік ерекшелігін жоғалтып, өмір талабына бағына отырып, өзін-өзі ерікті түрде торға қамаған, әлемін шым-шытырық шекаралармен шырмаған. Сонда кімнің тағдыры аянышты? Саналы бола тұра санасыз әрекет әдебін әдетке айналдырған адамның темір торға қамалған аңдардан не айырмасы бар? Тіпті тордағы хайуандардың мінез-құлқындағы ерекшеліктер де түрлі типтегі адам болмысын дөп суреттейтіндей: күн ысып суға тоймай жатқан мешкей бегемоттар, айбат шегіп, күллі зообақты өз әміріне бағындырғысы келген адуын арыстардар, аң патшасына жағу үшін жолына жастық болып жайылуға әзір жағымпаз ши бөрілер немесе ағаштан ағашқа секіріп сыпсың сөз тасыған өсекші маймылдар – осының барлығы да бүгінгі біздің қоғамның көрінісі емес пе?!.
«Шіркін тауық шыр айналар, жемің болса қолыңда» деп мұны Сәкен ақын қалай дөп басып суреттеп кеткен. Ал анау арыстандар ше? Ши бөрілердің «шоуынан» жалығып, қызды-қыздымен көкжалдардың да «концертінен» дәмелі. Ноқтаға басы сыймаған текті аң ондайда бұлқынып барып, өз болмысын қорғағысы-ақ келеді. Бірақ қолынан жем беріп, еркіндігіне иелік етіп отырғандарды жеңу мүмкін бе? Қанша мықты болғанымен, рухың тұсаулы. Себебі заманыңнан, қоғамыңнан асып ешқайда кете алмайсың. Мағжан ақынның «сұм өмір абақты ғой саналыға» дейтіні де осындай шарасыздықтан туған жан шумағы емес пе екен?!.
Сіз бен біз өмір сүріп жатқан қоғамның қатпарлы шындығын беруде басты рөлдегі қос актер, театр мектебінің талантты түлектері, есімдері елімізге белгілі сахнагерлер – халықаралық фестивальдердің лауреаты Данияр Базарқұлов (Джерри) пен Мәдениет саласының үздігі Алмас Шоманның (Питер) тамаша тандемі көңілге құрмет орнықтырды. Негізінен сөз әрекетіне құрылған қойылымға жан бітіруде әртістердің табысты ізденіс нәтижесін көрсеткеніне тәнтіміз. Кейіпкерлерін контрасты планда сөйлеткен қос актердің сахнадағы ой айқасы шын мәніндегі абсурдтық атмосфераны шебер жеткізе білді. Сонымен қатар тіл мен ой әуезін әрекетке лайықтап тәржімалап, драматург Э.Олбидің нәзік те өткір диалогтарын қазақ тілінде табысты сөйлеткен аудармашы Қ.Төлеуішов, костюм суретшісі І.Кәрімова, дыбыс режиссері Ж.Әбдірахман және жарық қою бойынша суретші Айдын Досаев ізденістерін де қойылымның көркемдік тұрғыдан біртұтастық деңгейге шығуына сәтті септескенін атап өткіміз келеді.
Ал спектакльге режиссерлік етіп қана қоймай, сахна суретін де дөп сызып, жансыз декорацияға жан бітірген қойылым режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировтің астары көп ауқымды шығарманы суреткерлік көзқарас тұрғысында сәтті сараптауы да айрықша қошеметке лайық. Режиссер «Зоопарк» психологиялық абсурды арқылы үлкен қаладағы жалғыздықты, адам жанының жалғыздығын шынайы суреттейді.
Қорыта айтқанда, қойылым қоғамдағы адамның өмірі зообақтағы аңның өміріндей шектеулі деген ойға жетелейді. Шешімі жоқ өмірмен одан әрмен күресер шамасы болмаған Джерри өзін ажалға қиса, Питер темір тордағы өміріне еш қарсылықсыз көндіккенін, тіпті сол өміріне риза екенін айтады. Екі кейіпкердің диалогы арқылы суреттелетін күллі қоғамның келбеті сондай қоқынышты. Көзбен көрмей, кейіпкер аузымен баяндалып отырып-ақ жаныңды тітіркендіреді. Еркінмін деп келген шарасыздығыңды ойлап жаның тілім-тілім болады. Себебі «Зоопарк» – біздің қоғам.