Алматы қаласында «Ұлт рухы — ұрпақ мұраты» атты Қазақстанның І Мәдениет форумы өткен болатын.
Форумды ҚР Мәдениет және спорт министрі Даурен Абаев ресми түрде ашып беріп, бүгінгі және болашақ рухани бағыт-бағдарымызға байланысты келелі баяндама жасады.
«Біздің басты мақсатымыз — кітап оқитын қоғам қалыптастыру, тілі мен дәстүріне берік жастардың қатарын молайту» деген сала басшысы Алматы шаһарында күні бойы түрлі форматта өтетін форум жұмысына сәттілік тіледі.
Бұл — осы бағыттағы тұңғыш форум.
Айтулы форумға республиканың түкпір-түкпірінен 500-ден аса делегат келді. Олар — еліміздің мәдениет, руханият саласындағы көрнекті тұлғалар, өнер саңлақтары, белгілі қаламгерлер. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров форумның модераторы болып қатысты.
Форумның екінші күні яғни 28 мамырда қорытынды отырыс өтті. Форум бағдарламасы 28 мамырда қорытынды отырыс өткізумен аяқталды, оған көрнекті шығармашылық зиялы қауым өкілдері, өнер қайраткерлері, соның ішінде Музыкалық жас көрермен театрының белді актрисасы, белгілі киноактриса, Халықаралық Канн кинофестивалінің лауреаты Самал Еслямова, кинорежиссер Ермек Тұрсынов, ақын Ұлықбек Есдәулетов, ақын, сценарист режиссер Бақыт Қайырбеков, продюсер Қанат Айтбаев, мәдениеттанушы Зира Наурызбаева және басқалар қатысты.
Іс-шара соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәдениет қызметкерлерінің күніне орай табыстаған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен бірқатар шығармашылық интеллигенция өкілдерін, мәдениет және өнер қайраткерлерін марапаттау рәсімі өтті.