Театр артистері белгілі театр және кино актрисасы, профессор Рахилям Машуровамен кездесті

31 наурыз күні Музыкалық жас көрермен театрының артистері Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, белгілі театр және кино актрисасы, профессор  Рахилям Машуровамен кездесу өткізді.

Кездесу барысында кәсіби сахна шебері, театр педагогы Рахилям Абдрахманқызы жас мамандарға актер шеберлігі бойынша дәріс оқып,  өзінің шығармашылық тәжірибесімен бөлісті.

Қазақ сахнасының мақтаныштарына айналған көрнекті театр тұлғалары С.Майқанова, Х.Бөкеева, Б.Римова, Ф.Шарипова, Ы.Ноғайбаев, Н.Жантурин, Ә.Молдабековтердің сахналық бейне жасаудағы актерлік болмысы хақында тебірене естеліктер айтты.

Қазақ театр режиссурасының белді өкілі, «Әуезов театрының алтын дәуірін» жасаған ұлы режиссер, Халық қаһарманы Ә.Мәмбетов қойылымдарының театрлық формалары мен эстетикасы туралы, режиссердің актермен жұмысындағы көркемдік ерекшеліктері туралы ерекше тоқталды.

«Театрдың мықты маманы болу үшін, артист бейне жасау жолында өз ісіне әрқашан тиянақты болу керектігі, шығармашылық процестерге асқан жауапкершілікпен қарап, сомдайтын кейіпкерді терең зерттеу, сахналық әріптесіңмен актерлік ансамбль жасаудың маңыздылығы зор. Әрдайым өз-өзіңді кәсіби ұштап отыру, бойыңдағы актерлік шеберлікті дамыту – артистің күн тәртібінен түспеуі тиіс», – деген ұстанымдарына ерекше тоқталды.

Сонымен бірге қазіргі театр өнеріндегі тіл мәдениетіне, сөзге мән беру, көрерменге өз бейнесін шынайы жеткізу секілді өзекті мәселелерді де ортаға салды.

Қазақстанның театр өнерінің білім беру саласында К.Кенжетаев, Е.Сегізбаев секілді тұлғалармен бірігіп «Музыкалық театр» кафедрасын ашып, осы салада оннан астам актерлер буынын тәрбиелеп өсірген ұлағатты ұстаз, көрнекті актриса, профессор Р.Машуроваға кездесу соңында театр директоры А.Маемиров ұжым атынан алғыс сезімін жеткізді.

Театр артистері кездесуге келген құрметті өнер саңлағына арнап музыкалық композициялар орындады.

 

muzteatr.kz

Телефон: 8 701 149 09 01
Email: info@muztheatre.kz
г.Астана
Ж.Омаров 47Б