Әділеттен арсыздыққа дейін немесе премьера кезіндегі дезинфекция сыры…

Жұмыр жердің бетінде тіршілік басталғалы бері жақсылық пен жамандық, ақиқат пен жалған, әділет пен қиянат, махаббат пен ғадауат қатар жарысып келеді. Әділетсіз өмірдің заңдылығы солай ма дерсің. Алайда қым-қуыт тіршілікте әр адамның өз даусы бар – өз шындығы бар. Ол өмір бойы сол көзқарасы үшін күреседі, қоғамға өз ақиқатын дәлелдегісі келеді. Әлқисса. Жуырда ғана Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында қойылған А.Н.Островскийдің «Жылы орын» әлеуметтік комедиясының премьерасы көрерменді осындай ойларға жетелейді. Айта кетейік, аталған спектакль қазақ сахнасында алғаш рет қойылып отыр.

Жазушы-драматург А.Н.Ос­тровский бұл шығармасын 1856 жылы жазған. Ал қазақ тіліне жазушы Ғабдол Сланов аударды. Сәтсіз аяқталған Қырым со­ғысынан кейінгі реформалар дәуірі басталған уақытта автор қоғамға шенеуніктер образын әшкерелеген «Жылы орын» комедиясын ұсынады. Кейін жаңа туындыны талдап, жазушы А.Солженицын көлемді очерк жаз­ды. Островский шығармада қо­ғамның бітеу жарасына ай­налған шенеуніктер әлемінің біз ойлағаннан да жабық, тұманды орта екенін көрсетеді. Әрине, ол әлем­нің кейіпкерлері – парақорлар мен ұрылар, қызмет, атақ-мансап үшін бәріне көнгіш жандар. Сондай-ақ ол әлемге барғандардың екі-ақ жолы болды: бірі – бәріне үнсіз бас шұлғып, ешкімге қарсы сөйлемеу һәм уақыт өте келе өзің де әділетсіз пайдакүнемге айналу, екіншісі – қызметті тастап, қара жұмыспен күн көру. Иә, кез келген адамға (әсіресе, отбасылы болса) бұл оңай таңдау емес. Ал Островский кейіпкерлері бұл жолда қандай шешім шы­ғарды? Мәселен, білімді, еркін ойлы Жадов шенеуніктер өміріне кіре алмады, саналы түрде бас тартты. Белогубов болса, алдағы отбасылық өмірінің тыныштығы мен бақытын ойлап, әрқашан қыз­метте өсуге талпынды һәм ол ең­бегі ақталды.

XIX ғасыр туындысындағы күрмеулі мәселелер мен көз­қарастар бүгінгі таңда, әсіресе қазақ қоғамында да өзекті. Шындық пен әділдік үшін күрескен жас буынның жанайқайы мен билік басындағылардың өзара ойыны суреттелетін шығарма көптеген адамдық, азаматтық ойларды қозғайды. Ағасынан қызмет сұрап барған Жадовтың басынан өткен қиындықтар, айналасындағы адамдардың көрсеқызарлығымен ақшаның жолында ар-ожданын жалаңаштайтыны қай қоғамның болмасын тамыр соғысын дәл беретіндей.

Қызметтегі жылы орнынан айырылғысы келмейтін автор кейіпкерлері: «Билікке жету үшін білімнің қажеті жоқ, ең бастысы жақсы тіреуің мен танысың болса болғаны», деп санайды. Бәрі тоқшылық үшін, бәрі абырой үшін, бәрі мақтан үшін…

Мәселен, Вышневскийдің тек сұлулығына бола үйленген әйелінің жан-дүниесін толған­дырған не? Жақсы өмір сүруі үшін армандарымен қоштасып, аға­сынан қызмет сұрауға қайта барған Жадов неге куә болды? Шын­дық, әділдік сынды құн­ды­лықтар Жадовтың жақсы тұр­мыс кешуіне көмектесе ме?

Өмір мен қоғам талқысындағы осынау өзекті мәселелерді спектакльде үлкен шен мен байлыққа жеткен азаматтық генерал Выш­невскийден бастап, Юсов, Бе­логубов, Жадов секілді түрлі дәрежедегі кейіпкерлер көтереді. Олар көрерменге адамзаттың болмыс-бітімі, әлеумет пен қоғам шындығын арқау еткен тоғышар өмірді әшкерелеп, бюрократиялық ортадағы парақорлық пен озбыр­лықтың түп-тамырын ашып, кем­шіліктердің барлығы жеке адамдардың азғындығының салдары екенін түсіндіреді.

Айта кетейік, әлеуметтік ко­медияның қоюшы-режиссері және сценографы Мекан Джу­мабаев, режиссердің көмекшісі Гүл­дана Әбдісадық, киім су­рет­шісі Іңкәр Каримова, дыбыс режиссері Сабина Ильясова, ре­дакторлары – Е.Сапабеков, А.Маханбет. Ал басты рөлдегі Василий Николаевич Жадовтың обра­зын − Бибол Байғараев, Асылхан Төлепов, Алмаз Аб­де­новтер сомдаса, Аристарх Вла­­димирович Вышневскийді − Қаз­бек Есқара, Абзал Арапов, Анна Павловна Вышневскаяны − Инабат Ризабекова, Альбина Ха­мидуллина. Аким Акимович Юсовты − Оразалы Игілік, Ақ­­­­е­діл Иманғали, Полинаны − Нұр­­ай Рысбекова, Арелана Аман­гельдиева, Юлиньканы − Гүлдана Әбдісадық, Сабира Сүгірова, Фелисата Герасимовна Кукушкинаны − Альфия Хай­зуллиева, Дана Қабылова, Анисим Панфилович Белогубовты – Алихан Әлішер, Азамат Болатов, Досужевті − Мухамедсаид Ба­ғашаров, Саламат Мұқашев, Василийді − Дидар Төлегенов сомдады. Режис­сердің айтуынша, қойы­лымды дайындауға екі ай уақыт кеткен.

Театр директоры Асхат Мае­­миров спектакльдің бү­гін­­гі заманға лайықталып қо­йыл­ғанын атап өтті. «А.Н.Ос­тровскийдің «Жылы орын» әлеу­меттік комедиясы қазақ сах­насы кеңістігінде бірінші рет сах­наланғалы тұр. Бұл қойы­лым осыдан 180-200 жыл бұ­рынғы кезеңді көз алдымызға әкелсе де, режиссерлік, сце­но­гра­фия­лық шешіммен актер­лердің ойындары арқылы ХХІ ға­сырдағы жағдайды бейнелеуге тырыстық. Әрине, көтеріліп отыр­ған өзекті мәселелер – өте ащы мәселелер. Себебі, Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында ғана жария­лаған Жолдауында көр­сетілген «Жаңа Қазақстанның» жаңару мен жаңғыру жолы, бол­мыс-бітімі, келбеті қандай болмақ?! Сон­дықтан осы сұрақ­тарға жа­уап іздеп қоғамдағы өзекті мәсе­лелер­ді көрсететін қойылым деп бі­лемін», дейді театр директоры.

Вышневский рөліндегі Қазбек Есқара адамға айналасындағы ортаның пікірі әсер етпей қоймай­тынын айтады. Оны қойылымдағы кейіпкерлер тағдыры дәлелдеп отыр.

«Мен қойылымда бас кейіп­керлердің бірі – әділдікті ұран­датқан Жадовқа қарама-қай­шы өзінің немере ағасы Выш­невскийдің образын сомдадым. Мұнда екі ұрпақ – аға буын мен жас буынның арасындағы қақтығыс суреттеледі. Яғни олар­­дың әрқайсының өмірін­дегі отбасылық, қызметтік қиын­дық­тар түптің-түбінде өз таң­дау­ла­рынан болғаны дәлелденеді. Оған қоса қандай көзқараста болса да, мейлі қаншалықты білімді болса да тұрмыстық ахуал, қоғамның көз­қарасы бел­гілі бір деңгейде адамға әсер етеді екен. Оның тірі мысалы – Жадов. Ағасынан қыз­мет сұрамады, өз бетінше бір­неше жерде еңбек етті. Сонда да отба­сы­лық жағдайы жақсарған жоқ. Отбасылық кикілжіңнен шар­шаған, жеңілген Жадов ең соңында әлгі ағасына пайдалы орын сұрап барады. Әділет пен білімсіз қоғам ізгіленбейді деген Жадов әрі қарай күресуден бас тартады. Алайда көрер­мен куә болғандай ол кезде тым кеш болады. Яғни автордың ше­шімі бойынша шенеуніктер әле­міне әділдік орнайды», дейді актер.

* * *

Қағаз… Кәдімгі ақ қағаз. Спек­такльдегі көрерменнің назарына аса іліге қоймайтын бір деталь – осы қағаз. Вышневскийдің қол астындағы «жас» шенеуніктер уақыт өте келе толысып, «қарнын сипар шенеунік» дәрежесіне жетеді. Қойылымның шарықтау шегінде олар сахнада іштеріне толтырылған қағаз қиқымдарын шығарып, шаша бастайды. Тау болып үйілген ол қағаздар басқа сюжеттерде де қолданылады. Бұл нені білдіреді? Қағазбастылық. Сонау алыс замандардан бері жаппай электронды форматқа көшіп жатқан қоғамға жетсе де әлі тыйылмаған қағазбастылық. Шенеуніктердің, жалпы кеңсе қызметкерлерінің көп істі тек қағаз жүзінде орындайтыны һәм ол тек жоспар үшін болып қала­тыны ақиқат. Режиссер спек­такль­дің негізгі бір деталі ретінде қағаз қи­қымдарын алуы осыны білдірсе керек.

Біз театрға кіре бергенде бұрыш-бұрышқа әлдене шашып жүрген ақ формадағы дезинфекторлар қарсы алды. Біртүрлі шошып қалдық. Бетперде тағу режімін алып тастағанын да тағы бір ойлап қойдық. Анығында, бұл көрініс спектакльдің бір инсценировкасы екен. Қойылым барысында да дезинфекторлар сахнада жүреді. Яғни бүгінгі пандемиялық жағдайдың спектакльдегі көрінісі.

Қоғамды дамытатын да, ізгілен­діретін де – адам. Оның ойы, оның жасап жатқан жұ­мысы, жақсы мен жаманға деген көзқарасы өз ортасының, өз мемлекетінің қозғалысына әсер етеді. Ал жем­қорлық пен парақорлық, қағаз­бастылық, «жоспар – жоспар үшін» деген стереотип – қоғамды алға бастырмайтын қауіпті «індет» сынды. Бұл қауіпті індеттің салдары мен салмағы Островскийдің «Жылы орын» әлеуметтік комедия­сы арқылы жаңа нұсқада қойылып отыр. Сіздер де қарап көріңіздер, құрметті оқырман!

P.S.: Айта кетейік, театр репертуарында қазір М.Қолғанаттың «Махаббат бар ма?» лирикалық комедиясы, Э.Олбидің «Зоопарк» қойылымы (реж. А.Маемиров) дайындалып жатыр.

https://egemen.kz/article/308356-adiletten-arsyzdyqqa-deyin-nemese-premera-kezindegi-dezinfektsiya-syry

Әлеуметтік комедия

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрер­мен театрында жаңа қойылымның тұсауы кесілді. Жазушы-драматург А.Островскийдің «Жылы орын» әлеуметтік комедиясы көрермен назарына ұсынылды. Премьераның шымылдығын театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров ашып, «Жылы орын» қойылымы қазақ сахнасы кеңістігінде тұңғыш рет сахналанғалы тұрғанын айтты.

– Бұл қойылымның режиссері Мекан Джумабаев Түрікменстаннан келіп жұмыс істеуде. Бұл туынды осыдан 180-200 жыл бұрынғы кезеңді көз алдымызға әкелсе де, біздің қыз-жігіттер режиссерлік, сценографиялық шешіммен актерлердің ойыны арқылы ХХІ ғасырдағы жағдайды бейнелеуге тырысты. Әрине, көтеріліп отырған өзекті мәселелер өте маңызды. Себебі біздің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанның» жаңару мен жаңғыру жолы, болмыс-бітімі, келбеті қандай болмақ деген сұрағына жауап іздеп, қоғамдағы өзекті мәселелерді көрсеткен қойылым деп білемін, – деді театр директоры.

Қойылымның қоюшы-режиссері және сценографы Мекан Джумабаев­тың айтуынша, кез келген қоғамда мұндай мәселелер болады. Соны қойылым арқылы жеткізу керек.

– Қойылымның мақсаты – көрер­менге әділдікті, шынайылықты түсіндіру. Қоғам дамуы үшін әр адам әділет үшін күресу керек. Кез келген өзгеріс өзімізден басталады. Жалпы туындының мақсаты да осы, – деді қоюшы-режиссер.

Әлеуметтік комедия 1856 жылы жазылған. Қойылымда генерал Вышневскийден бастап Юсов, Белогубов, Жадов секілді әртүрлі дәрежедегі кейіпкерлер бар. Әлеуметтік комедияда әлеумет пен қоғам шындығы, парақорлық салдары көрсетілді.

https://www.astana-akshamy.kz/aleumettik-komediya/

Телефон: 8 701 149 09 01
Email: info@muztheatre.kz
г.Астана
Ж.Омаров 47Б