Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Шәмші» мюзиклінің премьерасын көрермендер назарына ұсынды.
Елорда тұрғындары мен қонақтары премьераны 1-3 наурыз аралығында тамашалай алады.
Мюзиклдің авторы Мадина Омарова, қоюшы режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.
Әйгілі қазақ композиторының өмірі мен шығармашылығынан көрініс беретін «Шәмші» мюзиклі белгілі тұлғаның күрескерлік, ғашықтық және композиторлық қырларын сахнаға шығарады.
Шығармашылық иесі өмір жолында кезіккен қиындықтарды қалай қарсы алды, адам мен қоғамға деген қандай философиямен қарады, ішкі дүниесінде толқыған сезім иірімдерін, ғашықтық сырларын қалай бағындырды, осылардың барлығынан сүзіліп шығып, бұлқынып, сілкініп туған әуезді әндерді қалай дүниеге әкелді, міне, қойылымның көрерменге берер басты құндылығы осы.
Спектакль барысында орындалатын Шәмші әндерінің әрқайсысы – автордың бір-бір ойы, өмірінде орын алған әр алуан оқиғасы.
Әнге айналған тұлғаның әсерлі әлемі көрерменнің көңілін баурап, жүрек түкпіріндегі мейірімі мен махаббатын қозғап, ақыл-парасатпен апталған адамгершілік сынды асыл қасиеттерін оятады
Музыкалық жас көрермен театры «Шәмші» мюзиклі арқылы өнер жолына қызығушылықпен қарайтын дарынды жасөспірімдер мен балалардың қиялын қозғап, оларды өнерге қызықтырып, қанаттандыруды мақсат етеді. Қойылымды тамашалаған жас көрермен Шәмшіге қарап, оның шығармашылығына зер салып, күрделі өмір жолындағы киелі өнердің бағасы адамзат ғұмырын арнауға тұратындай құдіретті де таза екендігіне көз жеткізеді деген сенімдеміз.
Мюзиклдің авторы Мадина Омарова, қоюшы режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, режиссердің ассистенті Мекан Джумабаев, қоюшы дирижер Руслан Баймурзин, қоюшы хормейстер Мәдениет саласының үздігі Ғалымжан Берекешев, хормейстерлер Н. Тілендиев атындағы II Республикалық дирижерлер байқауының лауреаты Әлихан Ыдырысов, Алтынбек Аманқұлов, музыкалық редактор Болат Жолдасов, қоюшы хореограф Елдос Оспанов, костюм суретшісі Іңкәр Каримова, режиссердің көмекшісі Гүлдана Әбдісадық, жарық суретшісі Айдын Досаев, дыбыс режиссері Мақсат Есқали, музыкамен сүйемелдеуші – театр оркестрі.
М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының директоры Айболат Жаудыр премьераға көрермен ретінде келіп, әріптестеріне қолдау көрсетті.
Шәмші атамызды тегіннен-тегін «қазақ вальсінің королі» деп атамаған болар. Себебі әр жиын, той, отырыс Шәмші атамыздың әнісіз өтпейді. Бұл халықтың жүрегінен орын тапқан тамаша әуендер. Шәмші атамыздың әндері бізді жақсылыққа, ізгілікке және бөлек әлемге жетелейді, – деді ол.
Оның сөзінше, Нұр-Сұлтанда жаңадан ашылған Музыкалық жас көрермендер театры «Шәмші» спектаклін көрермендерге ұсынып отырғандығы өте құптарлық іс. Себебі Шәмшіні жан-жақтан зерттеуге болады.
Шәмшінің өмірі, шығармашылығы, жолы жастарға әдемі баяндалған. Дауыс еркіндіктерін көрсетуге бір Шәмші емес, үш Шәмшінің мойнына алуы және оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста ән айту үлкен жұмыс. Жаңадан ашылған театрға бұл бір жағынан сын, екінші жағынан үлкен серпіліс. Әріптестеріме сәттілік тілеймін, – деп пікірін білдірді Айболат Жаудыр қойылымнан кейін.
Сонымен қатар, бұл қойылымға келген елордалық волонтерлер де премьерадан кейінгі сезімдерімен бөлісті.
Маған қойылым өте қатты ұнады. Шәмші Қалдаяқовтың әндері сезімтал. Бұған дейін Шәмші атамыздың әндеріне аса қатты мән бермеген болатынмын. Тек бірнеше әндерін ғана білетін едім. Дегенмен бүгінгі қойылымда өте көп әндерін тыңдап, таныстым. Енді атамыздың шығармашылығын толығырақ зерттегім келеді, – дейді Астана жастары» волонтерлік ұйымының еріктісі Ерқанат Орынтайұлы.
Ол өзі театрға жиі барып тұрады. Тіпті бірнеше рет «Современник» театрының сахнасында өнер көрсеткен.
Театрдың атмосферасын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сол себепті оны театрға барып көру керек. Театрдың өзінің көрермендері бар, – деп айтты ол.
Мюзикл кейіпкерлері мен орындаушылары: Күрескер Шәмші – Аман Ғұмаров, Ернар Мұхамбетов, Композитор Шәмші – Сұлтан Кеңшілік, Азамат Болатов, Ғашық Шәмші – Саламат Мұқашев, Ермахан Аймахан, Әкесі – Армат Амандықов, Иранбек Балтабекұлы, Анасы – Замира Сапар, Айза Зұлқарнай, Ахмет Жұбанов – Абзал Арапов, Еламан Иманбаев, Сағыныш – Диана Асқар, Сабира Сүгірова, Жанель Есенгельдина, Жарас – Ақеділ Иманғали, Сүндетхан Дүйсехан, Мұқағали Мақатаев – Мұхамедсаид Бағашаров, Бақдәулет Оралов, Роза Бағланова – Мақпал Дүйсен, Таңшолпан Нұртілеуқызы, Ақан сері – Оразалы Игілік, Нұржан Тыныбек, Жұмекен Нәжімеденов – Шалқар Мұралтай, Әлішер Исмаилов және т.б.