Елордада «Ғашық-жүрек» поэтикалық-музыкалық қойылымының премьерасы өтеді

Нұр-Сұлтан қаласы Музыкалық жас көрермен театры қазақ поэзиясында өшпес із қалдырған Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арнап, оның туған күні қарсаңында, яғни 9, 10, 11 ақпан күндері «Ғашық-жүрек» поэтикалық-музыкалық қойылымының премьерасын көрермендар назарына ұсынады, деп хабарлайды Egemen.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ғашық-жүрек» спектаклі автордың ой-арманынан, жан сарайынан, ішкі танымы мен толғанысынан туған өлең-жырлары мен әндеріне құрылған сахналық қойылым.

«Сонымен бірге, Отан-Ана мен Табиғат-Ананың болмыс-бітімін арқау еткен, махаббат, ғашықтық пен достық, жақсылық пен жалғандық секілді сан қырлы тақырыптарды суреткерлікпен жырлай білген тұлғаның өмір хақындағы ой-толғамы іспеттес.

Поэтикалық-музыкалық қойылым жырға іңкәр көрерменді руханият әлемімен тілдестіріп, олардың жүрегіндегі адами құндылықтарды байытып, оқылатын өлеңдердегі тақырыптар мен орындалатын әндердегі оқиғаларды жас көрерменнің көкірегіне тоқып, санасына сіңіреді.

Қазақ поэзиясының ұлы тұлғаларының бірі Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына деген құштарлығын күшейтіп, сүйіспеншілік сезімін жандандырады»,-делінген хабарламада.

Аталмыш қойылымда Мұқағали Мақатаевтың бейнесін театр актері Қазбек Есқара, ал ақиық ақынның досы Шәмілдің бейнесін театр актерлері Ерназар Жаңатілек және Асқар Жұмабеков сомдайды. Сондай-ақ, спектакльге театрымыздың барлық артистері қатысады.

Источник: https://egemen.kz/article/264309-elordada-ghashyq-dgurek-poetikalyq-muzykalyq-qoyylymynynh-premerasy-otedi?fbclid=IwAR3hZwZbFsv4-Vrf14yg1aj8eEE9bQbIyALWwhnWaLiTdr3s7HqgQvn2FzY

Телефон: 8 701 149 09 01
Email: info@muztheatre.kz
г.Астана
Ж.Омаров 47Б