Нұр-Сұлтан қаласы Музыкалық жас көрермен театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы, профессор, театр режиссері

Асхат Максимұлы Маемиров – театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Өнертану PhD докторы, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры. Нұр-Сұлтан қаласындағы Музыкалық жас көрермен театрының директоры. «Болашақ» халықаралық стипендиясының түлегі.

Асхат Маемиров 1974 жылы 12 наурызда дүниеге келді. 1995 жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының филология факультетін аяқтады. 2003 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын режиссура мамандығы бойынша үздік аяқтады.

2007 жылы «Болашақ» Президенттік стипендиясының иегері атанды. 2008 жылы Париж қаласындағы Sorbonne Nouvelle Paris-ІІІ университетінің магистратурасында тәжірибе жинақтады.

2009-2010 жылдары Ресей театр өнері академиясының (ГИТИС) магистратурасында білім алып, «Режиссура магистрі» академиялық дәрежесіне ие болды.

2015 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының докторантурасын тәмамдап, 2016 жылы «Қазақстанның театр режиссурасындағы сабақтастық пен жаңашылдық» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғап, өнертану бойынша «Философия докторы» ғылыми дәрежесіне ие болды.

Отандық өнер мен мәдениет саласының білікті менеджері ретінде өзін басқарушылық-ұйымдастырушылық қырынан кәсіби биік тұрғыда таныта білді. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театр өнері» факульетінің деканы,  «Қазақстан халқы рухани даму қоры» АҚ вице-президенті, «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамының Президенті, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрының директоры, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры лауазымы қызметтерін абыроймен атқарды.

Қазақстан мен Орта Азияда тұңғыш рет «Astana Musical» мемлекеттік театрының негізін салып, 2016-19 жылдар аралығында театрдың көркемдік жетекшісі болды.

Қазақстанның театр сахналарында  жиырмадан астам қойылымдарды сахналап, республикалық және халықаралық өнер фестивалдерінің бірнеше мәрте лауреаты атанды.

Соның ішінде, М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында: А.Чехов «Сүйікті менің ағатайым», А.Володин «Қоштасқым келмейді», М.Омарова «Ақтастағы Ахико», Б.Беделхан «Ұлым, саған айтам» қойылымдарын, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында: Г. Хугаевтың «Қара шекпен» әфсана-драмасын, «Astana Musical» мемлекеттік театрында: Ж.Пресгурвик «Ромео мен Джульетта», А.Оренбургскийдің «Астана – менің махаббатым» және «Қызжібек» этно-фольклорлық мюзиклдері, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында: М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсын, Е.Брусиловский, Ғ.Мүсіреповтің «Қызжібек» операсын, Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында: Ж.Аймауытов «Сылаң қыз», М.Байджиев «Дуэль», С.Балғабаев «Ғашықсыз ғасыр», Э.Олби «Зоопарктегі оқиға», Т.Ахметжан «Қараторғай», А.Кравцов «Күн астындағы Күнекей қыз» қойылымдары, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында: М.Әуезовтің «Абай-Тоғжан», Н.Мошинаның «Дүние-Ғапыл», М.Омарованың «Шәмші» қойылымдарын сахналады.

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсының либреттосын жаңартып жазып шықты. Шымкент қалалық опера және балет театрында арнайы сахналаған «Домалақ Ана» операсы либреттосының авторы.

Сахналаған қойылымдары арқылы АҚШ, Франция, Жапония, Австрия, Германия, Бельгия, Чехия, Израиль, Ресей, Түркия, Грузия, Армения т.б. мемлекеттерде өткен халықаралық фестивальдер мен форумдарда қазақтың театр өнерін шет елдік көрермендерге паш етті.

Қазақстан сахна өнерінің тарихында тұңғыш рет 2009 жылы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен М.Чехов атындағы І-халықаралық театр фестиваліне қатысып, Э.Олби «Зоопарк» психологиялық драмасымен «Ең үздік спектакль» жүлдесіне ие болды. Аталмыш қойылым арқылы шет елде қазақ театр өнерін насихаттап, дәріптегені үшін ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты болды. Орталық Азия мемлекеттерінің ІІІ-халықаралық театр фестивалінің (2010 ж.) лауреаты атанды.

2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Жаһандағы Қазақстан мәдениеті» жобасы аясында «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклімен Париж, Канн, Вена, Брюссель, Мәскеу қалаларында өнер көрсетті.

2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Токио қаласында «Ақтастағы Ахико» қойылымын жапондық көрерменнің назарына ұсынды. 2018 жылы «Қыз Жібек» мюзиклімен Франциядағы Авеньон халықаралық театр фестиваліне қатысты.

2019 жылы Махачкала қаласында өткен Каспий жағалауы елдерінің халықаралық театр фестивалінде А.Чеховтың «Сүйікті менің ағатайым» драмасымен Гран-При жүлдесіне ие болды.

Асхат Маемиров сонымен қатар мемлекеттік және халықаралық ауқымдағы 100-ден астам мәдени іс-шаралардың режиссері болды. Олардың қатарында Қазақ Хандығының 550 жылдығы, Тәуелсіздіктің 20 және 25 жылдығы, Мерейлі отбасы, Астананың 20 жылдығы, ЭКСПО халықаралық көрмесі аясындағы халықаралық фестивальдердің ашылу салтанаттары, Еуразия халықаралық кино фестивалінің, П.Чайковский атындағы халықаралық музыканттар фестивалінің ашылу және жабылу салтанаттары бар.

Еліміздің өнері мен мәдениетінің дамуына сіңірген көп жылғы еңбегі және қосқан үлесі үшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағымен, «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісімен, «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан Халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл»,  «Астананың 20 жылдығы»  мерекелік медальдарымен, ҚР Президентінің граммоталарымен марапатталды.

Асхат Маемировтың ғылыми мақалалары отандық және шет елдік журналдарда жарыққа шығып тұрады.

Асхат Маемиров еліміздің мәдени кеңістігіндегі қоғамдық қызметтермен белсенді түрде айналысады. ЮНЕСКО жанындағы «Халықаралық Театр Институты» халықаралық қоғамдық ұйымының Қазақстандағы жетекшісі. Қазақстан Театрлар Ассоциациясының вице-президенті.

Отбасы бар. Жары – Нұргүл Бекетқызы Маемирова, педагогика ғылымдарының магистрі, Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы. Екі ұлы, екі немересі бар.

Телефон: 8 701 149 09 01
Email: info@muztheatre.kz
г.Астана
Ж.Омаров 47Б